Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

2023 жылғы 15 сәуірде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Дүниежүзілік ислам лигасының (ДИЛ) Бас хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен ДИЛ Бас хатшылығы арасындағы өзара іс-қимыл, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі шеңберінде дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылады.

Шейх Мұхаммед әл-Исса түрлі діндер өкілдері арасындағы диалогты жолға қоюда, толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін ілгерілетуде Қазақстанның жетекші рөлін атап өтті және Лиганың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.

Сұхбат барысында Елші Б. Арын Бас хатшыны Президент Қ.Тоқаевтың "Жаңа әділ Қазақстанды" құру жөніндегі бағдарының негізгі бағыттары туралы, оның ішінде кешенді әлеуметтік-саяси қайта құрулар мен конституциялық түзетулерді іске асырудың негізгі аспектілері туралы, сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен ҚР мәслихаттары депутаттарының өткен сайлауының қорытындылары туралы хабардар етті.

ДИЛ 1962 жылы Сауд Арабиясының бастамасымен құрылған, құрылтай кеңесіне барлық ислам елдерінің өкілдері кіретін ең ірі халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылады. Ұйымның қызметі бүкіл әлемдегі исламның шынайы құндылықтарын және оның толерантты принциптерін ұсынуға, гуманитарлық көмек көрсетуге, дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалог орнатуға, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен келісімді нығайтуға бағытталған.

Лига басшылығы мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына, сондай-ақ Астана халықаралық форумының мақсаттары мен міндеттерін ілгерілетуге елеулі үлес қоса отырып, оның Хатшылығының отырыстарына тұрақты негізде белсенді қатысады.