Қазақстан Елшісі Saudi EXIM Bank басшысына Астана халықаралық форумына қатысуға арналған шақыруын табыс етті

Қазақстан Елшісі Saudi EXIM Bank басшысына  Астана халықаралық форумына қатысуға арналған шақыруын табыс етті

2023 жылғы 28 наурызда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Сауд экспорттық-импорттық банкінің (Saudi EXIM) Бас директоры Саад Әл-Халбпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді атынан Saudi EXIM басшысын 2023 жылғы 8-9 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, олар экспорттық-импорттық сақтандыру және бірлескен жобаларды қаржыландыру саласында екі елдің бизнес-қоғамдастықтары үшін жағдай жасау арқылы тауар айналымы көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар екі мемлекеттің қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты орнатуға ерекше назар аударды. Қазақ тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы хабардар етіп, Saudi EXIM Bank өкілдерін АХҚО алаңын өңірлік бизнес және қаржы орталығы ретінде пайдалануға шақырды.