Қазақстан Елшісі Al Rajhi Халықаралық инвестициялық компаниясының басшылығымен кездесті

Қазақстан Елшісі Al Rajhi Халықаралық инвестициялық компаниясының басшылығымен кездесті

2023 жылғы 21 наурызда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Сауд Арабиясының «Al Rajhi International for Investment» (RAII) компаниясының Бас директоры Ахмед Әл-Дахилмен кездесті.

Кездесу барысында Б.Арын «RAII» компаниясының басшысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің 2023 жылғы 8-9 маусымда елордамызда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға арналған шақыру хатын табыс етті.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен RAII арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде компанияның ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық инвестициялық жобаларға қатысуы, сондай-ақ түрлі салалардағы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жолға қою мәселелерін талқылады.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ RAII басшысын Қазақстандағы ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістері, атап айтқанда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындылары мен тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралары туралы хабардар етті.

«Al Rajhi International for Investment» Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстағы ең ірі коммерциялық компаниялардың бірі болып саналатын Al Rajhi Group компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. RAII ауылшаруашылық инфрақұрылымын дамыту, астық, жем және тұқым өндіру, ауыл шаруашылығын басқару қызметтері, АӨК өнімдерінің саудасы мен маркетингі, логистика және жеткізу тізбегін басқару салаларында маманданған. Қазіргі уақытта RAII өз қызметін Сауд Арабиясында, Мысырда, БАӘ-де, Мароккода, Украинада және Оңтүстік Африкада жүзеге асырады.