Қазақстан мен Сауд Арабиясы қаржы және инвестициялар саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейтуге дайын

Қазақстан мен Сауд Арабиясы қаржы және инвестициялар саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейтуге дайын

2023 жылғы 8-9 наурызда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің қолдауымен "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Р.Бектұровтың Рияд қаласына сапары өтті.

Сапар аясында қазақстандық делегация САК Инвестициялар министрлігі, Орталық банкі (SAMA), Капитал нарығының басқармасы (CMA), Сауд биржасы (Tadawul), сондай-ақ саудтық жетекші ACWA Power мен Ajlan & Bros  Holding компанияларының басшылары және өкілдерімен кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, қаржылық және инвестициялық қызметтегі, сондай-ақ финтех және исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы шілдеде Сауд Арабиясына ресми сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл аударылды. 

Сонымен қатар, сауд тарапы АХҚО-ның қаржы қызметтері саласында инвестициялауға қолайлы орта құруға, бағалы қағаздар нарығын дамытуға, халықаралық капитал нарықтарымен интеграцияны қамтамасыз етуге бағытталған қызметімен танысты.

Осыған байланысты қазақстандық тарап Сауд Арабиясының қаржы институттары мен компанияларын АХҚО алаңын Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикасымен дәнекерлейтін өңірлік бизнес және қаржы орталығы ретінде пайдалануға шақырды.

Жолға қойылған сұхбатты жалғастыру мақсатында сауд тарапы 2023 жылғы 8-9 маусым аралығында өтетін Астана Халықаралық форумы мен Astana Finance Days іс-шарасына қатысу үшін Қазақстанға шақырылды.