
Іс-шараны Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігі жанындағы Әдебиет, баспа және аударма комитеті ұйымдастырды. Көрмеге әлемнің 36 елінен 1200 баспа қатысып, өз өнімдерін қойды.
Көрме араб әлеміндегі маңызды мәдени оқиға болып табылады, себебі келушілер саны, сату көлемі және оның мәдени бағдарламаларының алуандылығы, сондай-ақ белгілі араб және аймақтық халықаралық баспаларының қатысуы жағынан ең ірі араб кітап көрмелерінің бірі болып табылады.
Атап айтқанда, халықаралық кітап көрмесінің бағдарламасына 71 мәдени семинар, балаларға арналған 55 іс-шара, баспа бойынша 22 түрлі мастер-класстар, авторлармен 10 сұхбат алаңы, 9 концерт, 7 поэзия кеші және 6 театр қойылымы кірді.
Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес көрмеге келушілер саны күніне 150 мың адамды құрады.
Риядтағы халықаралық кітап көрмесі халықтар арасындағы өзара түсіністік пен жақындасудың мәдени көпірі бола отырып, Сауд Арабиясының әдеби өміріне айтарлықтай үлес қосады.
Аталған іс-шара аясында қазақстандық делегация жазушылармен және Ливан, Египет, Сирия және т.б. кітап үйлерінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді, олармен заманауи кітап шығару мен аудармалардың жай-күйі, ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары талқыланды.
Сондай-ақ, қазақстандық делегацияның Әдебиет, баспа және аударма комитетінің Бас директоры доктор Мұхаммед Хассан Алуанмен және аударма және баспа бөлімдерінің басшыларымен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында тараптар белгілі сауд жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне және қазақ әдебиетшілерінің шығармаларын араб тіліне аудару, қазақстандық және сауд баспалары арасында тікелей байланыс орнату бойынша ынтымақтастықты жолға қою туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.
Қазақстандық делегация ҚР-ның Риядтағы Елшілігінде болып, Елші Б. Арынмен кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ. Есдәулет Сауд Арабиясына осы сапарды ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралар кітап шығару және аударма саласында алдыңғы қатарда тұрған араб әлеміндегі серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.
Елші Б.Арын қазақстандық делегацияның көрмедегі жұмысы нәтижелерін жоғары бағалап, Елшілік әрі қарай қазақстандық және сауд жазушылары мен баспа үйлері арасындағы әдебиет және кітап шығару саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесетінін атап өтті.