
Ү.ж. 20 ақпанда ИЫҰ реформалау жөніндегі сарапшылар тобының 2-отырысы аясында Қазақстанның осы ұйымдағы Тұрақты Өкілі, Елші Берік Арын Ислам технологиялық университетінің проректоры доктор Омар Джамен кездесті. Бангладештің астанасы Дакка қаласында орналасқан бұл жоғары оқу орны ИЫҰ-ға бағынышты орган болып табылады.
Тараптар биыл осы оқу орнының алаңында ұлы ғалым және ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциясын өткізу мен оның мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылады.
Бұл маңызды ісшараға халықаралық сарапшылар, тарихшылар, шығыстанушылар мен ИЫҰ-ға мүше елдердің басқа да өкілдерінің қатысуы күтілуде. Олар ұлы ғалымның әлемдік ғылымды, медицинаны, философия мен әдебиетті дамытуға қосқан үлесі мен адамзат өркениетіндегі рөліне қатысты жасаған зерттеулерімен бөліседі.
Атап өтетін жайт, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-жылдығын ИЫҰ аясында мерекелеу жөніндегі қазақстандық тараптың бастамасына қатысты қарар жобасы ү.ж. ақпан айының басында өткен ИЫҰ Экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ислам комиссиясының 43-ші отырысында мақұлданған болатын.