
Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Берік Арын бастаған қазақстандық делегация 2020 жылғы 19-20 ақпанда Бангладеш астанасы – Дакка қаласында өткен ИЫҰ-ын жан-жақты реформалау мәселелерін талқылауға арналған сарапшылар тобының 2-ші отырысына қатысты.
Отырысқа ИЫҰ-на мүше 35 елдің, сондай-ақ Ұйымның 10 еншілес және үлестес органдарының өкілдері қатысты. Ісшара барысында қатысушылар ИЫҰ қызметіндегі ең өткір проблемалар бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін ИЫҰ-ның стратегиялық басымдықтарын айқындау, оның қызметін жан-жақты жетілдіру, қаржылық тәртіпті арттыру, Ұйым алдындағы жекелеген мүше мемлекеттердің қарыздарын азайту және ИЫҰ-ның құрылымдық органдарын жетілдіру, соның ішінде Бас хатшылық пен ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдер комитетінің рөлін күшейту мәселелері талқыланды.
Елші Б.Арын өз сөзінде қазіргі уақытта ИЫҰ-ның тиімді жұмысына кедергі келтіретін факторлардың бірі ИЫҰ-ға мүше жекелеген елдер арасындағы келіспеушіліктер мен сенім деңгейінің төмендігін атап өтті. Осы ретте, мұсылман қоғамдастығы ішіндегі келіспеушіліктерді шешу мәселелерін Ұйымның стратегиялық басымдықтарына қосу қажеттілігіне назар аударды. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Р.Эрдоганның 2016 жылы Ыстамбұлда өткен ИЫҰ саммитінде ұсынған «Исламдық татуластыру» бастамасын жүзеге асыруға шақырды.
Сонымен қатар қазақстандық дипломат Ұйымның басымдықтарына мәдениеттер мен діндер диалогын ілгерілету және дамыту мәселелерін енгізуді ұсынды, ол өз кезегінде исламның шынайы бейбіт сипатын көрсету арқылы әлемде исламофобияның таралуын тоқтатуға септігін тигізеді.
Бұған қоса, Елші ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты дамуына қол жеткізудің негізі ретінде ғылым мен технология мәселелеріне баса назар аударуға шақырды.
Сарапшылар тобының отырысында жасалған ұсыныстар ағымдағы жылдың сәуір айында Ниамейде (Нигер) өтетін ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кезекті сессиясында қаралатын болады.