Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Юсеф Әл-Осеймин Қазақстан делегациясын қабылдады

Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Юсеф Әл-Осеймин Қазақстан делегациясын қабылдады

Үстіміздегі жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі және Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Б.Арынды, сондай-ақ ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Е.Мұқаш пен еліміздің Жидда қаласындағы Бас консулы Т.Шалданбайды ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф Әл-Осеймин қабылдады.

Қазақстандық делегацияның бұл кездесуі ү.ж. сәуірге Ниамей қаласында (Нигер Республикасы) жоспарланған ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясына дайындық шеңберінде 9-11 ақпан аралығында Жидда қаласында өткен Аға лауазымды тұлғалар отырысы барысында жүзеге асты.

Кездесу барысында Елші Б.Арын ИЫҰ басшысы Ю.Әл-Осейминге ү.ж. 5 шілдеде еліміздің астанасында өтетін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық феномені» атты халықаралық конференцияға ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, сондай-ақ ү.ж. 3 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығының кезекті 19-шы отырысына ҚР Парламенті Сенатының Төрайымы, Съезд хатшылығының жетекшісі Д.Назарбаеваның шақыруларын табыс етті.

ИЫҰ Бас хатшысы Ю.Әл-Осеймин аталған шақыруларды ризашылықпен қабылдай отырып, Елбасының мұсылман елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан зор үлесін, сондай-ақ Ұйымның халықаралық істердегі рөлінің күшеюіне септігін тигізген ИЫҰ аясында жариялаған бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

Ол Ұйымның белсенді мүшелерінің бірі болып табылатын Қазақстанмен ИЫҰ Бас хатшылығының бүкіл мұсылман үмбетінің игілігі жолында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын атап өтті.