Рияд қаласында Қазақстан Елшісі Б.Арынның САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Уалид әл-Хурейджимен кездесуі өтті

Рияд қаласында Қазақстан Елшісі Б.Арынның САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Уалид әл-Хурейджимен кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Уалид әл-Хурейджимен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Қос Киенің Сақшысы - Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың атына жолдаған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 ж. күзінде Нұр–Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне және АӨСШК-нің 6-шы Саммитіне шақыруларын табыс етті.

Қазақстандық дипломат көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы Қазақстанның тәжірибесі туралы баяндап, Сауд Арабиясының Съезд идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанның АӨСШК-дағы төрағалығы шеңберінде атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде және Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған диалог алаңының өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі туралы ақпаратты жеткізді.

Осы ретте Б.Арын АӨСШК Саммитіне мәртебелі қонақтар ретінде алғаш шақырылған Корольдік өкілдерінің қатысуы ынтымақтастық географиясын және көпжақты өзара іс-қимыл форматын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Уалид әл-Хурейджи Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, дінаралық және конфессияаралық келісімді ілгерілетуге қосқан үлесі мен күш-жігеріне жоғары баға берді.

Сонымен қатар, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді қарастырып, өзара қызығушылық тудыратын халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.