
Рияд қаласында Қазақстан Республикасының Елшісі Берік Арын Король Әбділ Әзіз атындағы Зерттеулер мен мұрағаттар қорының Директоры д-р Фахд бен Абдулла әл-Самаримен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ғылыми-зерттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ф. әл-Самари Қордың тарих, жағрафия, әдебиет және т. б. салаларда тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның ғылыми орталарымен байланыс орнатуға мүдделілігін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар Король Әбділ Әзіз Қоры мен Қазақ Ұлттық академиялық кітапханасы арасында тікелей байланыс орнатып, бірлескен меморандумға қол қою мүмкіндігін пысықтауға келісті.
Сонымен қатар, тараптар белгілі қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі туралы баяндайтын "Елші" көркем фильмінің сценарийін қарастырды.
Қазіргі уақытта " Projects House "қазақстандық кинокомпаниясы 1928-1936 жылдары КСРО-ның Бас Консулы, содан кейін Хиджаз, Недж және қосылған аумақтар Корольдігінде Төтенше және Өкілетті өкілі болған Н.Төреқұлов туралы фильм түсіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте фильмнің кейбір көріністерін Сауд Арабиясының аумағында түсіру жоспарланып отырғанын атап өту керек.
Король Әбділ Әзіз атындағы Қордың негізі 1972 жылы қаланған. Оның мақсаты Сауд Арабиясында, Араб түбегінде және жалпы араб әлемінде тарих, жағрафия, ауыз және жазба әдебиеті салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу. Қор Корольдіктің тарихи дамуы тұрғысында түрлі тарихи деректер мен құжаттарды жинақтаумен және оларды талдаумен айналысады. Қор сонымен қатар Сауд Арабиясы Корольдігінің негізін қалаушы Король Әбділ Әзіздің және басқа да билеушілерінің өміріне қатысты зерттеулер, семинарлар мен дәрістер өткізеді.
Қорда Король атындағы мемориалдық мұражай кешені және кітапхана жұмыс істейді.