
2022 ж. 30 наурызда САК Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әдел бен Ахмед әл-Джубейр Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.Арынды қабылдады.
Кездесу барысында дипломаттар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде өңіраралық кооперация шеңберіндегі елдердің өзара қарым-қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, Елші Б.Арын Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуал туралы хабардар етіп, сұхбаттасын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды, бұл ретте Мемлекет басшысының елдегі және жалпы қоғамдағы маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді көздейтін бастамашыл реформаларына ерекше назар аударды.
Қазақстандық дипломат Сауд Арабиясының Үкіметі мен халқына Қазақстандағы қайғылы қаңтар оқиғалары барысында көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде, САК Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әдел бен Ахмед әл-Джубейр барлық бағыттар бойынша қазақстандық-саудтық өзара ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.