Бахрейн Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысатын болады

Бахрейн Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  VII Съезіне қатысатын болады

2022 ж. 28 наурызда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы және Бахрейн Корольдігіндегі қоса атқарушы Елшісі Б.Арын Манама қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Король Хамадтың Дүниежүзілік бейбіт өмір сүру орталығының Бас Хатшысы Шейх Абдалла бен Ахмад әл-Халифамен және БК Әділет, ислам істері және қайырымдылық министрінің орынбасары Исса Сами әл-Маннаймен кездесті.

Аталған кездесулер барысында дінаралық және конфессияаралық салалардағы өзара ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мәдениеттер мен өркениеттер диалогын ілгерілету мәселелері қаралды.

Елші ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы М.Әшімбаевтың атынан Король Хамадтың Дүниежүзілік бейбіт өмір сүру орталығының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шейх Халед бен Халифа әл-Халифаның және БК Әділет, ислам істері және қайырымдылық министрі Шейх Халед бен Әли әл-Халифаның аттарына арналған 2022 ж. 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне шақыру хаттарын табыстады.

Осы тұрғыда Б.Арын Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы тәжірибесі туралы баяндап, екі мемлекеттің дінаралық диалог мәселелеріндегі көзқарастарының ұқсастығын атап өтті. Қазақстандық дипломат Бахрейн өкілдерінің дінаралық форум жұмысына белсенді қатысуы түрлі діндердің бейбітшілікте өмір сүруі идеясын кеңінен ілгерілетуге ықпал ететініне назар аударды.

Өз кезегінде, Шейх А.әл-Халифа бахрейн тарапының Съезд жұмысына қатысуға мүдделілігін растай отырып, Король Хамадтың Дүниежүзілік бейбіт өмір сүру орталығының Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен өзара тығыз қарым-қатынастар орнатуға дайын екендігін білдірді.

Сонымен қатар, Елші Б.Арын Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуал туралы хабардар етіп, сұхбаттастарын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының елдегі және жалпы қоғамдағы елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған реформалары жайлы баяндап берді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Бахрейн басшылығы мен халқына Қазақстандағы қаңтар оқиғалары барысында қазақ халқына алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, ынтымақтастық білдіргені үшін, сондай-ақ қажетті көмек көрсетуге дайын екендігін растағаны үшін ерекше алғысын білдірді.