
2022 ж. 28 наурызда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы және Бахрейн Корольдігіндегі қоса атқарушы Елшісі Б.Арын Манама қаласында Корольдіктің гуманитарлық қорының Бас хатшысы Мұстафа Саедпен және Бахрейн ғарыш ғылымдары ұлттық агенттігінің Бас директоры Мұхаммед әл-Асиримен кездесті.
Қордың Бас хатшысымен әңгімелесу барысында екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Елші доктор М.Саедке ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атынан Қазақстан мен Бахрейн арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік медальді табыс етті.
Оның Нұр-Сұлтан қаласындағы Король Хамад бен Иса Әл-Халифаның тапсырмасы бойынша Бахрейн Корольдігінің гуманитарлық қорының қаражатына салынған 1200 орындық №91 орта мектептің құрылысындағы рөлі ерекше атап өтілді.
БК Ғарыш ғылымдары ұлттық агенттігінің Бас директоры М.Әл-Асиримен кездесуде ғарыш саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды жолға қою жолдары қаралды. Бахрейн тарапы Қазақстан Елшісін агенттіктің қызметімен және Корольдіктің ғарышты зерттеу саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту жөніндегі алдағы жоспарларымен таныстырды.
Өз кезегінде, Елші Қазақстандағы ғарыш саласының дамуы туралы айтып, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты жолға қоюдың кең мүмкіндіктерін атап өтті.
Сөз соңында М.Әл-Асири Қазақстан өкілдерін ағымдағы жылдың қараша айында Бахрейнде ғарышты зерттеу және ғарыштық технологиялар саласындағы әлемдегі жетекші елдер мен ұйымдардың қатысуымен өтетін «Bahrain international Airshow 2022» әуе-ғарыш көрмесіне қатысуға шақырды.