2022 жылғы 22-23 наурызда Пәкістан астанасы Исламабад қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 48-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, еліміздің ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын ИЫҰ Бас хатшысының Ғылым және технология мәселелері жөніндегі орынбасары Асқар Мусинов пен ИЫҰ Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСТЕК) Бас үйлестірушісі доктор Икбал Чаудримен кездесті.
Кездесуге Қазақстанның Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) Бас консулы, еліміздің ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Талғат Шалданбай қатысты.
Тараптар ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің (2017 жылғы 10-11 қыркүйек, Нұр-Сұлтан қаласы) бірқатар шешімдерін орындау және оның қорытындысы бойынша қабылданған «Ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2026 жылға дейінгі ИЫҰ бағдарламасы» атты Ұйымның ауқымды жоспарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге қатысты Қазақстан мен КОМСТЕК арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Осы орайда, доктор И.Чаудри ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ету үшін күш-жігер шоғырландыру мақсатында ғылым мен білім саласындағы 15 жетекші мұсылман мемлекетін біріктіруге арналған «ИЫҰ-15 Диалог алаңы» тобын құру туралы қазақстандық бастаманы жүзеге асыруға КОМСТЕКТ-тің белсенді қатысуға дайындығын білдірді.
Өз кезегінде, Елші Б.Арын КОМСТЕК басшылығын Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бұл стратегиялық құжаттың ел өмірінің саяси және басқа да салаларында бірқатар күрделі өзгерістерді қарастыратынын атап өтті.
2020 жылғы желтоқсанда Исламабад қаласында ҚР Үкіметі КОМСТЕК-пен бірлесіп «Әл-Фарабидің жаһандық форумы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырғандығын атап өткен жөн. Форум 2020 жылы ЮНЕСКО қамқорлығымен Қазақстанда және шет мемлекеттерде кеңінен аталып өткен Шығыстың көрнекті ғалымы және ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби мерейтойының аяқтаушы іс-шараларының бірі болды.
Шара КОМСТЕК-тің төрағасы болып табылатын Пәкістан Президенті Ариф Алвидің қамқорлығымен және қатысуымен өткен еді.
Аталған шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосқандары үшін КОМСТЕК Бас үйлестірушісі д-р И.Чаудри мен оның кеңесшісі д-р Хуршид Хасанайн ҚР Мәдениет және спорт министрінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
КОМСТЕК ИЫҰ-ның төрт тұрақты комитетінің бірі. Мекке қаласында (Сауд Арабиясы) 1981 жылы өткен үшінші ИЫҰ саммитінің шешіміне сәйкес құрылған. Штаб-пәтері Исламабад қаласында (Пәкістан) орналасқан.