
Үстіміздегі жылғы 16 наурызда Жидда қаласында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, ҚР-ның Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын ИЫҰ Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті.
Кездесу барысында Елші Б.Арын ИЫҰ басшысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысу үшін жолдаған шақыру хатын табыс етті. Осыған байланысты ол көпконфессиялы және полиэтносты Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді сақтау тәжірибесі, Съездің мақсаттары мен міндеттері, оның 2003 жылы шақырылу тарихы, сондай-ақ бұдан бұрын өткізілген 6 форум, олардың жұмыстарына қатысқан саяси және діни көшбасшылар туралы толық мағлұмат берді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен ИЫҰ Бас хатшылығы арасындағы өзара іс-қимыл мен Ұйым шеңберінде жарияланған Қазақстанның халықаралық бастамаларын ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Бұған қосымша, Елші Бас хатшыға қаңтардағы қайғылы оқиғалар барысында Қазақстан халқы мен басшылығына көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдірді.
Осы тұрғыда Б.Арын Бас хатшыны Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Жолдаудың ел дамуының жаңа бағытын анықтап, мемлекет өмірінің барлық салаларын реформалауға, елде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталғандығын атап өтті.
ИЫҰ Бас хатшысы Х.Таха шақыруды ризашылықпен қабыл алып, өзінің VII Съезд жұмысына қатысатындығын қуаттады. Ол Қазақстанның диалогты, бейбітшілік пен ұлттық бірлікті ілгерілетудегі күш-жігеріне, сондай-ақ Қазақстанның ИЫҰ шеңберіндегі жетекші рөліне және исламдық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бастамаларына жоғары баға берді.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі