
2022 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын САК Сыртқы істер министрінің Қоғамдық дипломатия жөніндегі орынбасары Фахад Әбулнасрмен кездесті.
Кездесу барысында дипломаттар мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді, соның ішінде қазақстандық шығармашылық топтардың танымал "Riyadh Season", "Jeddah Season" және басқа да фестивальдерге қатысуын талқылады, сондай-ақ екі елде короновирус пандемиясының салдарын еңсергеннен кейін Қазақстан мен Сауд Арабиясының мәдениет күндерін өткізу мүмкіндігі туралы пікір алмасты.
Тараптар сондай-ақ 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне Сауд тарапының қатысуы жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, Елші сұхбаттасушыны ағымдағы жылғы қаңтар айының басында Қазақстанда орын алған қайғылы оқиғалар туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысы қабылдаған батыл әрі уақтылы шаралардың арқасында елдегі жағдай тұрақтанғанын атап өтіп, Сауд Арабиясының Үкіметі мен халқына қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде, САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф.Әбуалнаср мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырудың, діндер диалогын ілгерілетудегі өзара іс-қимылдың, ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.