Ү.ж. 18 қаңтарда Джидда қаласында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, ҚР Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын ИЫҰ Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті.
Кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын халықаралық проблемалар, ислам әлеміндегі қазіргі ахуал жөнінде пікір алмасылды. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, оның ішінде ИЫҰ шеңберінде ұсынылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, Исламдық татуласу, «ИЫҰ-15» Диалог алаңын құру және т. б. қазақстандық бастамаларды іске асыру барысын талқылады.
Сонымен қатар, Елші Б.Арын Бас хатшыны биылғы қаңтар айының басында Қазақстанда орын алған оқиғалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, Мемлекет басшысы қабылдаған батыл әрі уақытылы шаралардың арқасында жағдай тұрақтанып, ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштерінің біздің ел аумағынан шығарылу үрдісі аяқталып жатқандығын атап өтті. Осы ретте, ол Қазақстан халқы дағдарысты еңсеру және елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтасқанын атап өтті.
Елші ИЫҰ Бас хатшысына Қазақстандағы жағдайға байланысты ИЫҰ-ның еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін және аумағының тұтастығын сақтауда Қазақстан халқымен ынтымақтасатыны туралы 2022 жылғы 6 қаңтарда жасалған уақытылы мәлімдемесі үшін ризашылығын білдірді.
ИЫҰ жетекшісі Х.Таха Қазақстанның Ұйым аясындағы қызметін жоғары бағалап, Бас хатшылық ислам әлемін дамытуға бағытталған қазақстандық бастамаларға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді. Бас хатшы ИЫҰ-ның Қазақстанмен ынтымағын тағы да қуаттап, Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.