Қазақстан Елшісі саудтық «Flynas» әуекомпаниясының Бас директорымен кездесті

Қазақстан Елшісі саудтық «Flynas»  әуекомпаниясының Бас директорымен кездесті

2021 жылғы 24 қарашада Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Flynas әуекомпаниясының Бас директоры Бандер Әл-Моханнамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында тікелей тұрақты әуе байланысын орнату арқылы екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, Елші ү.ж. 24 қарашада «Алматы – Жидда» бағыты бойынша  СКАТ әуекомпаниясы тікелей рейс ашқанын, сондай-ақ екі елдің басқа қалалары арасында жаңа тұрақты әуебайланысын іске қосу жоспарлары жөнінде хабардар етті.

Сондай-ақ, дипломат сұхбаттасын Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталып жатқандығы туралы баяндап, Flynas компаниясының еліміздің 11 әуежайында «бесінші ауа еркіндігін» пайдалану мүмкіндігімен таныстырды.

Flynas басшысы әуекомпанияның қызметін кеңейту және жаңа бағыттар бойынша тікелей тұрақты рейстерді іске қосу жоспарлары туралы әңгімеледі. Осыған байланысты ол компанияның «ашық аспан» режимін пайдалануға, ҚР әуекомпанияларымен, туристік компанияларымен өзара іс-қимыл орнатуға мүдделілігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Сауд Арабиясында екі елдің туристік және әуе компанияларының  қатысуымен Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты.

Flynas әуекомпаниясы коронавирустық пандемияға дейін 17 ішкі және 55 халықаралық бағытта тікелей рейстер жасаған лоукостер жүйесі бойынша жұмыс істейтін саудтық жекеменшік тасымалдаушы болып табылады. Жақында Flynas әуе паркіне 20-дан астам жаңа Airbus A320Neo ұшағы қосылды.