Рияд қаласында конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесіне арналған «Бейбітшілік пен келісім мақсатындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Рияд қаласында конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесіне арналған «Бейбітшілік пен келісім мақсатындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

2021 жылғы 21 қыркүйекте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі  Н.Назарбаев орталығымен, сондай-ақ Ресей-Араб зерттеу және ақпарат қорымен бірлесіп Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) және Дүниежүзілік ислам лигасы басшыларының, Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығының (CRIK), саудтық ғылыми және сараптамалық топтар, жергілікті және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XIX отырысына орайластырылып ұйымдастырылды.

Қазақстан тарапынан онлайн форматта Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі  Н.Назарбаев орталығының төрағасы Б.Сәрсенбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Т.Шаймергенов, ҚСЗИ, ҚХА, ҚМДБ және БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің ашылуында ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.Арын және Ресей-Араб зерттеу және ақпарат қорының төрағасы М.Ат-Турки сөз сөйледі.

ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов өз сөзінде дінаралық диалогты және конфессияаралық келісімді дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мәдени және діни көзқарастардың көпжақтылығын қалыптасқан әлемнің іргелі ақиқаты болып табылатынына нық сенімді» екенін атап өтті.

Осыған орай, А.Мусинов Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу жөніндегі бастамаларына ИЫҰ тарапынан қолдау білдірді.

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.Арын тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін этнос пен дінаралық өзара іс-қимылының орнықты моделі қалыптасқанын, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасы конфессияаралық және діни келісімді қолдау мәселесінде бірегей болып табылатындығын және оның жаһандық ауқымда қажеттілігі өсіп келетіндігін атап өтті.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың басшылығымен қоғамдағы бейбітшілікті, келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған негізгі реформалары туралы баяндады. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат дөңгелек үстелге қатысушыларды Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырып, Жолдауда азаматтық қоғамның заманауи дамуының негізгі бағыттары көрсетілгеніне назар аударды.

Өз кезегінде, Ресей-Араб зерттеу және ақпарат қорының төрағасы М.Ат-Турки Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан халқын құттықтап, іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстанның тыныс-тіршілігінің барлық салаларының дамыуына елеулі үлес қосқан қазақстандық конфессияаралық келісім тәжірибесіне аударды.

Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысының өкілі, Лиганың Италиядағы өкілдігінің басшысы А.Сархан Исламның қазіргі әлемдегі рөлі, Ислам қоғамдастығындағы толеранттық пен төзімділікті дамыту жайлы өз пікірін білдірді. Сонымен қатар, ол «ислам - мұсылман елдерінің, мұсылман әлемінің ұлттық өмір салтының маңызды элементі» екенін атап өтті.

А.Сархан мұсылман әлемінің бір бөлігі болып табылатын Қазақстаның халықаралық деңгейде конфессияаралық және дінаралық диалогты дамытуға қосып жатқан күш-жігерін жоғары бағалады.

Сауд Арабиясының Қазақстандағы бұрынғы Елшісі З.Аленезидің сөзіне сәйкес, Қазақстан көп ұлтты ел бола отырып, тәуелсіздік жылдары конфессияаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде елеулі табыстарға қол жеткізді.

З.Аленези конфессияаралық келісім мен діни толеранттықты дамыту бойынша қазақстандық моделді жүзеге асыра алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін атап өтті.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі  Н.Назарбаев орталығының төрағасы Б.Сәрсенбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға алғысын білдіре отырып, мұндай іс-шараларды ұйымдастыру әлемдік қоғамдастықтың, ғылыми-зерттеу орталықтарының, ірі әлемдік және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын халықаралық мәселелерді шешуде тиімді қолданылатын рухани дипломатия қағидаттарын дамыту мәселелеріне, конфессияаралық диалогты дамытуда қазақстандық тәжірибеге аударуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ Қазақстанның оң имиджін әлемдік деңгейде тұжырымдамалық ілгерілетуге ықпал ететіндігін атап өтті.

Жалпы алғанда, дөңгелек үстелге қатысушылар дінаралық және этносаралық келіспеушіліктер негізінде әлемде орын алып жатқан қақтығыстар жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттары мен міндеттерінің өзектілігін атап өтті.

Осыған байланысты қатысушылар қазақстандық дінаралық форум және конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі саудтық ұқсас бастамалар шеңберінде бірлескен жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.