
2021 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын САК Сыртқы істер министрінің Ашық дипломатия жөніндегі орынбасары Фахад Абу Әл-Насрмен кездесті.
Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық және ғылым, білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жолдары талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар екі елде короновирус пандемиясының салдарлары жойылғаннан кейін Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара мәдениет күндерін өткізу мүмкіндігі туралы пікір алмасып, белгілі қазақстандық дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі туралы баяндайтын «Елші» фильмін түсіруге қатысты мәселелерді қарастырды.
Сонымен қатар, Елші сұхбаттасушысына ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіруге және халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған баптары туралы, сондай-ақ ғылым, мәдениет және спорт саласын дамыту бойынша елімізде қабылданып жатқан басқа да шаралар жөнінде әңгімелеп берді.
Өз кезегінде, САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф. Абу Әл-Наср екі достас халықтарды одан әрі жақындастыру үшін мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырудың, дінаралық диалогты ілгерілетудегі өзара ықпалдастықты, ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты белсендірудің маңыздылығын атап өтті.