
2021 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Король Абдалла атындағы Атом және жаңартылатын энергетика жөніндегі ғылыми қалашығының (K.A.CARE) Төрағасы Халид Әл-Сұлтанмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар K.A.CARE мен қазақстандық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары мен ядролық энергетика және жаңартылмалы энергия көздері саласындағы орталықтар арасындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.
Осы тұрғыда Елші сауд тарапын еліміз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытындағы қазақстандық ядролық ғылымының дамуы мен жетістіктері туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат K.A.CARE басшысын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды.
Елші Жолдау аясында Мемлекет басшысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударғанын және ҚР Үкіметінің алдына қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту жөнінде бірқатар міндеттер жүктегенін атап өтті.
Осыған байланысты Б.Арын Қазақстан тарапының Сауд Арабиясымен энергетика саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға кірісуге дайындығын білдірді.
K.A.CARE басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көрсетілген мақсаттарды, басымдықтар мен міндеттерді жоғары бағалады. Сондай-ақ ол екі ел мен халықтың мүдделеріне жауап беретін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бірлесіп күш салуға дайындығын білдірді.
Өз кезегінде, Х.Әл-Сұлтан Қазақстан аумағында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған АҚХА-ның Төмен байытылған уран банкінің қызметіне қызығушылық танытты.
Айта кететін жайт, K.A.CARE-Сауд Арабиясындағы ядролық және жаңартылатын энергетика мәселелерімен айналысатын үкіметтік ғылыми-зерттеу ұйымы болып табылады. K.A.CARE Корольдіктің энергетикалық секторының тұрақты дамуына үлкен үлес қосады және атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану технологияларын енгізуде басты рөл атқарады.