
2021 жылғы 6 шілдеде Манама қаласындағы Әл-Сахир сарайында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Берік Арын Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаға Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Сенім грамоталарын тапсырды.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін болған сұхбат барысында Король түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастардың даму деңгейіне жоғары баға беріп, жаңадан тағайындалған елшілердің өз елдері мен Корольдік арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған қызметтеріне сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 28 мамырда орнатылған.
1997 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бахрейнге жасаған ресми сапары екі ел арасындағы достық байланыстардың негізін қалады. Ал, 2014 жылы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаның Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келуі екі бауырлас елдер ынтымақтастығының одан әрі нығаюына серпін берді.
Аталған сапарлар барысындағы уағдаластықтар Нұр-Сұлтан мен Манама арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту мен тереңдетуге ықпал етті. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластық негізінде қазіргі уақытта елордамызда Бахрейн Үкіметінің қаражатына 1200 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталуда.