
2021 жылғы 29 маусымда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандық және саудтық мемлекеттік мекемелер мен сауда-экономикалық мәселелерді дамытуға жауапты компаниялар арасында онлайн-кездесу өтті.
Қазақстан тарапынан ҚР-ның Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.Арын, Сауда және интеграция Вице-министрі К. Төребаев, Сыртқы сауда палатасының төрағасы А.Еренов, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Н.Бөкейханов және т. б. қатысты.
Саудтық тарапты САК Сыртқы сауда агенттігінің жетекшісі Абдулрахман әл-Харби басқарды. Делегация құрамына Сауд Арабиясының Қазақстандағы Елшісі А.Әд-Дауд, Экспортты дамыту жөніндегі басқармасының Бас директоры М. Әл-Куайзани, сондай-ақ Корольдіктің Сауда-өнеркәсіп палаталары Федерациясының өкілдері, атап айтқанда, Saudi Exim Bank, ірі ауыл шаруашылық және инвестициялық «SALIC» компаниясы мен «Jamjoom Pharma» фармацевтикалық компаниясы және т. б. кірді.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын, соның ішінде қазақстандық және саудтық экспорттаушылардың екі елдің нарығына шығуына қолғабыс көрсету, өзара сапарлар мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының» және бірқатар саудтық компаниялардың қызметтері жеке таныстырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Сауд Іскерлік кеңесінің қызметін іске қосу бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру және екі елдің бизнес орталары арасында тікелей байланыстар орнатуға қолғабыс көрсету жөнінде уағдаласты.