Сауд Арабиясының астанасында екінші ұстаз, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Сауд Арабиясының астанасында екінші ұстаз, ұлы ойшыл Әбу Насыр  әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту туралы қаулысын іске асыру аясында,  ү.ж. 8 желтоқсанда Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеу орталығымен бірлесіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен «Әбу Наср әл-Фарабидің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық конференция өткізді.

Іс-шара жұмысына Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының басқарма төрағасы Биік Мәртебелі ханзада Турки әл-Фейсал Әл Сауд, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының Ғылым және технология мәселелері жөніндегі орынбасары А.Мусинов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Ирактық жазушы, доктор Рашид әл-Хайун, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, бірқатар саудтық философтар мен ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады.

Конференция ашылуында сөз сөйлеген Елші Б.Арын күллі мұсылман жұртының мақтанышы, Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын дәріптеу және әлемге паш ету мақсатында Қазақстанда және шет елдерде өтіп жатқан кең ауқымды мерейтойлық және ғылыми-практикалық шаралар туралы айта отырып, олардың, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап өткендей, қоғам санасын жаңғыртуда және жастардың құндылықтарын қалыптастыруда ерекше маңызға ие екенін айтты.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ғалым бабамыздың мирасы туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы ойшыл әл-Фараби есімі еліміздің имиджін әлемдік деңгейге көтеруге ықпал ететін аса құнды рәміздік капитал» деп атап өткенін жеткізді.

Өз кезегінде ханзада Турки әл-Фейсал, әл-Фарабидің әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға екендігін және оның еңбектері адамзат өркениетінің дамуына орасан зор үлес қосқанын атай отырып, оны исламдық философияның негізін қалаушысы және жаһандық білім мен ғылымды жанжақты байытуға оң серпін берген ғұлама ұстаз деді .

Ал, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов осы мерейтойға орай ИЫҰ шеңберінде атқарылып жатқан шаралар, соның ішінде ү.ж. 27-28 қарашада Нигер астанасы Ниамейде өткен Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясы барысында қазақ тарапының ұсынысымен әл-Фарабидің 1150 жылдығын ұйым шеңберінде мерекелеуге қатысты бастамалары қолдау тауып, арнайы қарар қабылданғандығын хабарлады.

Сөз алған басқа қатысушылар әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне қатысты өздері жүргізген ізденістері туралы жан-жақты баяндады. Осы ретте Король Фейсал атындағы орталықтың сирек кітаптар бөлімінің басшысы доктор Омар Тамалат орталық қорында әл-Фарабидің бірнеше еңбегінің қолжазбалары мен 90-ға жуық көшірмелерінің сақталғандығын, хабарлап, оларды қазақстандық ғалымдар өз ізденістерінде пайдалануына болатынын мәлімдеді.

Жалпы, аталған конференцияға қатысқан Сауд Арабиясының зиялы қауымы мен ғалымдары Елшіліктің бұл бастамасын жоғары бағалап, Әл-Фарабидің өмір жолы, еңбектері және шығармашылық мұралары жайлы ой бөлісуге жақсы мүмкіндік алғандарына шынайы ризашылықтарын білдірді.