
2020 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Жидда мен әл-Кассим провинциялары сауда-өнеркәсіп палаталарының және «Kazakh Invest» ҰК АҚ қолдауымен «Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы бизнес және инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбында вебинар өткізді.
Іс-шараға Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Б.С.Арын, Жидда және әл-Кассим сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары мен мүшелері, Kazakh Invest, Kazakh Tourism, QazTrade секілді қазақстандық ұлттық компаниялардың және Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Елші Б.Арын аталған іс-шара еліміздегі айтулы мереке -ҚР Тұңғыш Президенті күнінен кейін және басты мерекеміз - Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқанына назар аудара келе, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың заманауи Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ оның халықаралық қатынастарын, соның ішінде Сауд Арабиясымен байланыстарын нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті.
Осыған байланысты Елші саудтық бизнесмендерді бірлескен жобаларды іске асыру мен қазақстандық серіктестермен байланыстарды кеңейту және т.б. шаралар арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өз үлестерін белсенді түрде қосуға шақырды.
Қазақстандық компаниялар, өз кезегінде, ҚР Үкіметінің қолайлы бизнес-климат құру және шетелдік инвесторларға кепілдіктер мен артықшылықтар беру бойынша жүргізіп жатқан саясаты туралы айтып берді.
Сонымен қатар, еліміздің өкілдері ауыл шаруашылығы, туризм және жеңіл өнеркәсіп саласындағы басымды инвестициялық жобалармен, қазақстандық экспорттық өнімнің номенклатурасымен жан-жақты таныстырды. Бұған қоса, Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамыту мен шетелдік инвесторлар үшін ыңғайлы экожүйе құруды көздейтін Астана халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы ақпарат ұсынылды.