
Ағымдағы жылдың 19 қарашасында Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі (БК) Елшісі қызметін қоса атқарушы Берік Арын КБ Көлік және телекоммуникация министрі Камал бен Ахмед Мұхаммедпен кездесті.
Кездесу барысында азаматтық авиация, логистика және ғарыш ғылыми-техникалық қызметі салаларындағы ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндіктері талқыланды.
Елші Б.Арын министрді Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандыру бойынша ҚР Үкіметінің қабылдаған бағдарламалары мен басымдықтары туралы, оның ішінде көлік және логистика, аэроғарыш саласындағы ағымдағы қызметімен таныстырды.
Осы ретте Еуразиялық көлік дәлізі шеңберіндегі жобаларды іске асыру және Еуразияның ауқымды аумағын – Қытайдан Еуропаға дейін және Африка мен Таяу Шығыстың басқа да елдерін қамтитын "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы Қазақстанның елеулі транзиттік әлеуеті атап өтілді.
Қазақстандық дипломат Қазақстанның 11 әуежайында "ашық аспан" режимі енгізілгенін, бұл шетелдік авиакомпанияларға қазақстандық тасымалдаушылар қызмет көрсетпейтін бағыттар бойынша "әуе еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалануға мүмкіндік беретінін мәлім етті. Ол сондай-ақ Бахрейн және Парсы шығанағының басқа да елдерінің азаматтары үшін "визалық режим" жеңілдетілгенін айтып, осы шаралардың барлығы туристік және өзге де кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Министр К. Мұхаммед өз кезегінде сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру және іскерлік байланыстар мен туристік сапарларды кеңейту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығымен келісті, осыған байланысты COVID-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін бұл мәселені Бахрейн әуе желілерімен бірлесіп зерделеуге уәде берді.
Ол сондай-ақ Қазақстанмен ғарыш саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін үлкен қызығушылықпен қабылдады. Оның айтуынша, Бахрейн ғарыш кеңістігін зерттеу және игеру жұмыстарын енді ғана бастап келеді, сондықтан бахрейндік тарап үшін оң тәжірибесі пайдалы болатын Қазақстанмен серіктестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар COVID-19 пандемиясы еңсерілгеннен кейін Қазақстан мен Бахрейн арасында тікелей әуе қатынастарын ашу бойынша жұмысты қолға алуға, сондай-ақ екі елдің ғарыш ведомстволары мен институттары арасында тәжірибе мен білім алмасу, бірлескен жобаларды және т. б. іс-шараларды іске асыру үшін байланыстар орнатуға уағдаласты.