
2020 ж. 19 қарашада Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі (БК) Елшісі қызметін қоса атқарушы Берік Арынды БК Сыртқы істер министрі Абдул Латиф бен Рашид Әл-Заяни қабылдады.
Кездесу барысында екіжақты және көпжақты форматтағы Қазақстан-Бахрейн қарым-қатынастарының күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Атап айтқанда, тараптар қазіргі жоғары деңгейдегі екі ел арасындағы саяси диалогты жалғастыруға дайындықтарын қуаттады, мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың жолдарын, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) және т. б. халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мен ұстанымдарын үйлестіру мәселелерін талқылады.
Осы тұрғыда, Елші Қазақстанның АӨСШК-дегі төрағалығының басымдықтары және осы Кеңес шеңберіндегі жаңа бастамалары туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Б.Арын министрді ҚР-дағы саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қазіргі дамуымен таныстырды, елдегі заңнамалық өзгерістер мен алдағы парламенттік сайлауға дайындық барысы туралы әңгімеледі.
Коронавирустың жаһандық өршуі аясында Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігін ескере отырып, қазақстандық дипломат Бахрейн тарапын 2013 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қосылуға шақырды.
Бахрейн СІМ-нің басшысы екі ел арасындағы саяси диалог деңгейін жоғары бағалап, ынтымақтастықтың басқа да маңызды бағыттары бойынша өзара іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті.
Министр ҚР СІМ басшылығына жылы лебіздерін және Қазақстан халқына деген амандық пен одан әрі өркендеу тілектерін жеткізді.
Екіжақты қарым-қатынастарды жандандыру мақсатында тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси және консулдық консультациялар өткізуге, Манамадағы ҚР Құрметті консулын тағайындау мәселесін пысықтауға, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге бағытталған өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға келісті.