Қазақстан Елшісі Бахрейнмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады

Қазақстан Елшісі Бахрейнмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады

2020 жылғы 18 қарашада Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі (БК) Елшісі міндетін қоса атқарушы Берік Арын Бахрейннің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Самир Насспен кездесті. Ол бұл лауазымымен қатар, өнеркәсіп пен құрылыс саласында қызмет ететін «Nass» корпорациясының басшысы болып табылады.

БК Сауда-өнеркәсіп палатасы басқармасының бірқатар мүшелерінің қатысуымен өткен кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың жолдарын талқылады.

Елші Б.Арын ҚР Үкіметінің отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін Қазақстанда қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыру мақсатында қабылдап жатқан шаралары туралы егжей-тегжейлі хабардар ете отырып, еліміздің жаңа инвестициялық саясаты инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау мен тікелей кепілдіктер алуға және біздің экономикамыздың бар өнеркәсіптік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Дипломат бахрейндік кәсіпкерлерді өзара сауда көлемін ұлғайтуға атсалысуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстан-Бахрейн Іскерлік кеңесін құру бойынша жұмысты белсендіруге шақырды.

Өз тарапынан СӨП басшысы С.Насс Қазақстанның Бахрейн үшін қызықты бағыт екенін атап өтіп, қазақстандық тараптың екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі ұсыныстарын толығымен қолдайтындығына, ҚР мен Корольдіктің іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге және жаңаларын орнату үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Іскерлік кеңесті құру бойынша, ҚР-дың Манамадағы Құрметті консулын тағайындау және екі ел арасында тікелей рейстер ашу мәселелерін пысықтауға, семинарлар мен «B2B» түріндегі бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға, логистикалық мәселелерді шешудің жолдарын бірлесіп іздестіруге, екі елде өндірілген тауарлар номенклатурасымен алмасуға және т.б. мәселелерді жүзеге асыруды көздеген нақты қадамдарды бастауға уағдаласты.

Айта кету керек, өзінің құрылымы бойынша Бахрейн Корольдігінің экономикасы постиндустриалды дамыған елдер қатарына жатады. Ежелден Бахрейн сауда орталығы ретінде танымал болған, қазіргі уақытта ірі халықаралық қаржы орталығы болып саналады, ал оның биржасы Таяу Шығыстағы ең ірілердің бірі болып табылады. Сондай-ақ Бахрейнде мұнай-химия, туризм және металлургия, қаржы институттары жақсы дамыған.