Бахрейн Парламентінде Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды

Бахрейн Парламентінде Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды

2020 жылғы 18 қарашада Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі (БК) Елшісі Берік Арын БК Ұлттық Ассамблеясы (парламент) екі палатасының басшылары - Өкілдер палатасының төрайымы Фаузия Зайнал және Консультативтік кеңестің төрағасы Али ас-Салех қабылдады.

Кездесулер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылы Манамаға және Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаның 2014 жылы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанға жасаған тарихи ресми сапарларының қорытындылары бойынша қалыптасқан саяси диалогты жалғастыру маңыздылығы, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту міндеттілігі атап өтілді.

Сонымен қатар, Елші Б.Арын Қазақстанның қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол ҚР Парламентінің ағымдағы сессиясының ашылуында ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды. Бұған қоса парламенттің төменгі палатасын құру тәртібінде парламенттік оппозиция институтын енгізуді, әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдерге алғаш рет 30%-дық квота бөлу және т.б. көздейтін заңнамалық өзгерістер туралы хабардар етті. Сондай-ақ қазақстандық дипломат жақында еліміздің тарихында алғаш рет өткен жастарды елдің саяси өміріне тартуға және тұтастай алғанда қазақстандық қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Нұр Отан» партиясының праймеризі туралы әңгімеледі.

Елші үстіміздегі жылғы ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлаудың сәтті өткізілгендігіне және «естуші мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық жағдайда өтетін Мәжіліс депутаттарының алдағы сайлауларына ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Бахрейн Парламенті палаталарының басшылары Корольдіктің Қазақстанмен барлық бағыттардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екендіктерін білдірді.

Өкілдер палатасының төрайымы Ф.Зайнал өткен жылы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кездесуі аясында Қазақстанға сапарын жылы сезіммен есіне алып, біздің еліміздің қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады, Қазақстан және оның астанасының жетістіктері оның күткенінен әлдеқайда асып түскенін атап өтті.

Консультативтік кеңестің жетекшісі А.ас-Салех Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға, сондай-ақ Қазақстан басшылығының болашақты болжайтын дана саясатына жоғары баға берді. Оның пікірінше, қазақстандық қоғамның зайырлы моделі елдегі тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтаудың негізі және оның үдемелі дамуының кепілі болып табылады.

Екі спикер де екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық деңгейде қолдауға дайын екендіктерін қуаттады және олардың іс жүзінде жүзеге асырылуын бақылауға алуға, сондай-ақ екі елдің парламенттері арасында парламенттік достық топтарын құру арқылы, депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және т.б. арқылы парламентаралық байланыстарды жандандыруға шақырды.

          Қазақ елшісі кездесулер қорытындысы бойынша жергілікті парламенттік телеканалына қысқаша сұхбат берді.

Айта кету керек, қазіргі қос палаталы Бахрейннің Ұлттық Ассамблеясы 2002 жылғы ел Конституциясына сәйкес құрылған. Парламенттің құрамы 80 депутаттан тұрады, олардың қатарындағы Өкілдер палатасының (төменгі палата) 40 мүшесі сайланады, ал Консультативтік кеңестің (жоғарғы палата) 40 мүшесін Король тағайындайды.