
2020 жылғы 5 қарашада ҚР-дың САК-тағы Елшісі Б.Арын Сауд Арабиясының Сауда-өнеркәсіп палаталары кеңесінің төрағасы Аджлан Әл-Аджланмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады.
Елші Б.Арын сұхбаттасын ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жақында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында айтылған еліміздің экономикасын әртараптандыру жөніндегі саясатының жаңа басымдықтары мен және бағыттарымен таныстырды.
Сондай-ақ, Б.Арын елдегі шетелдік инвесторлардың ашық қызметі үшін қолайлы жағдай жасау бойынша Үкімет жүргізіп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Елші визалық режимді ырықтандыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қабылданып жатқан заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілер туралы айтып берді.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат екі ел арасындағы тауар айналымының төмен динамикасын атап өтіп, осыған байланысты Қазақстан-Сауд Іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру, өзара қызығушылық тудыратын сауда мәселелері мен жобаларды нақты талқылау және бизнесмендер арасында тікелей байланыстар орнату үшін екі ел кәсіпкерлерінің сапарларымен алмасуды жолға қоюға шақырды.
СӨП Кеңесінің төрағасы А. Әл-Аджлан өз кезегінде қазақстандық тараптың екі елдің бизнес-топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі барлық ұсыныстарын қолдауға дайын екенін білдірді. Ол COVID-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін осы мақсатта саудтық кәсіпкерлермен бірге Қазақстанға баруға және қазақстандық тараппен тиісті келіссөздер жүргізуге уәде берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар түрлі деңгейлерде, соның ішінде бизнес-семинарлар мен "B2B" кездесулері, өзара сапарлар мен тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті.