
2020 жылғы 4 қарашада Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын ACWA POWER компаниясының Төрағасы Мұхаммед Абунайянмен және оның бас директоры Падди Падманатханмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты жолға қою жолдарын, соның ішінде осы компанияның Қазақстандағы жасыл технологиялар саласындағы ірі жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Айта кететін жайт, ACWA POWER компаниясы «жасыл технологиялар» саласындағы әлемдегі ең ірі және жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Компанияның басты мақсаты - электр энергиясы мен тұзсыздандырылған суды қол жетімді бағамен қамтамасыз ету, жұмыс орындары мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау болып табылады.
Компания құрамына электр энергиясын өндіру және суды тұщыландыру бойынша 58 кәсіпорын кіреді. ACWA POWER компаниясы Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия аймақтарын қоса алғанда 12 елде жұмыс істейді. Компанияның инвестициялық портфелі 59 млрд. АҚШ долл. ал жалпы өндірістік қуаты 37.7 ГВт электр энергиясын және 5,8 млн. текше метр тұщыландырылған суды құрайды.