1. Жеке тұлғалармен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы өтініш көрсетілетін қызметті берушіге осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Шетелде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу» (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көрсетілген қажетті құжаттармен қоса беріледі.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды, қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда қызмет көрсету мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
2. Көрсетілетін қызметті алушы өтінішті толтыру кезінде мәліметтерді және/немесе құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады және құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Кемшіліктер жойылғаннан кейін құжаттар жалпы негізде қайта тапсырылады.
3. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы өтінішті қабылдауды және өтінішті есепке алу журналында тіркеуді жүзеге асырады және көрсетілетін қызметті алушыға өтініш бланкісінің жыртылып алынатын талонын береді.
Атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы өтінішті тіркегеннен кейін көрсетілетін қызметті беруші күнтізбелік отыз күн ішінде ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарауды және талдауды жүзеге асырады және осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы көрсетілетін қызметті берушінің басшысы бекітетін қорытынды жасайды, содан кейін акт жазбасы екі данада басып шығарылады және атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы куәлік қалыптастырылады.
Атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы куәлікте көрсетілген мәліметтер шығыстар журналына енгізіледі, одан кейін куәлік немесе бас тарту туралы дәлелді жауап беріледі.
4. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің белгілі болуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректердің және мәліметтердің осы Қағидалардың 5- тараудағы талаптарына сәйкес келмеуі.
5. Министрлік Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.
6. Көрсетілетін қызметті беруші атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыру туралы акт жазбасын тіркегеннен кейін атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыруға байланысты өзгерістер енгізу үшін туу туралы акт жазбасының орналасқан жері бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың) аумақтық әділет органына хабарлама жібереді және қажет болған жағдайда туу туралы жаңа куәлік талап етеді.
7. Көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданған құжаттар, сондай-ақ акт жазбаларының екі данасы және атын, әкесінің атын (бар болса), тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу туралы бекітілген қорытындының түпнұсқасы бір апталық мерзімде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нұр-сұлтан қаласы Әділет департаментіне мұрағатқа сақтауға жіберіледі.