1. Қайтыс болу туралы өтінішті осы Қағидаларға 18-қосымшаға сәйкес Кодекстің 270, 273-баптарында көрсетілген адамдар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) «Шетелде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі-мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсетілген қажетті құжаттармен қоса, жазбаша нысанда береді.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімі үш жұмыс күнін құрайды.
2. Көрсетілетін қызметті алушы өтінішті толтыру кезінде мәліметтерді және/немесе құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады және құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Жіберілген кемшіліктер жойылғаннан кейін құжаттар жалпы негіздерде қайта беріледі.
3. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдауды және өтініштерді есепке алу журналында тіркеуді жүзеге асырады және өтініш берушіге оны алған күні, қабылдаған адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) және құжаттар топтамасын қабылдау уақыты көрсетілген тіркеу туралы белгісі бар өтініш бланкісінің жыртып алынатын талонын береді.
Көрсетілетін қызметті беруші екі жұмыс күні ішінде алынған құжаттардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексереді және деректерді АХАЖ АЖ-ға енгізеді. АХАЖ АЖ-ға қолжетімділік болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданған құжаттардың сканерленген нұсқаларын ҚР СІМ КҚД жауапты қызметкеріне деректерді АХАЖ АЖ-ға енгізу үшін электрондық пошта арқылы жібереді.
«Белгілер үшін» деген бағанда АХАЖ АЖ-да көрсетілетін қызметті алушының туыстық дәрежесі немесе Кодекстің 273-бабында көрсетілген адамдардың санаты, сондай-ақ Кодекстің 270-бабына сәйкес қайтыс болған адамның құжаттарын (жеке куәлігін, ұлттық төлқұжатын және әскери билетін) алу туралы мәліметтер мен деректемелері көрсетіледі, олар кейіннен тиісті органдарға жіберіледі.
Егер қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу адамды қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің негізінде жүргізілген жағдайда, ол қайтыс болған күні қайтыс болу туралы акт жазбасында сот шешімінің заңды күшіне енген күні немесе сот шешімімен белгіленген күн көрсетіледі.
АХАЖ АЖ-да мемлекеттік тіркеуден кейін көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде акт жазбасын екі данада басып шығарады және қайтыс болу туралы куәлікті немесе бас тарту туралы дәлелді жауапты қалыптастырады.
Қайтыс болу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтер шығыстар журналына енгізіледі, содан кейін өтініш берушіге куәлік беріледі.
4. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің белгілі болуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректердің және мәліметтердің осы Қағидалардың 6-тараудағы талаптарына сәйкес келмеуі.
5. Министрлік Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.
6. Көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданған құжаттар, сондай-ақ акт жазбаларының екі данасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нұр-сұлтан қаласы Әділет департаментіне бір апталық мерзімде мұрағатқа с сақтауға жіберіледі.