Ригада Қазақстанның дарынды жастары 13-ші Халықаралық байқау-фестивальдің жүлделі орындарына ие болды

Ригада Қазақстанның дарынды жастары 13-ші Халықаралық байқау-фестивальдің жүлделі орындарына ие болды

2024 жылғы 6-9 желтоқсанда Латвия Республикасының астанасы Ригада «Riga Symphony-2024» жас вокалшылардың кезекті 13-ші Халықаралық байқау-фестивалы өтті. Фестивальге әлемнің 25 елінен 5-25 жас аралығындағы 200-ге жуық жас вокалшылары қатысты.

Қазақстанның жас және дарынды орындаушылары бірнеше мәрте аталған беделді ән фестивалінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған. Биылғы жылы фестивальде елімізді 7-18 жас аралығындағы бес жас дарындар таныстырды. Сонымен қатар байқаудың қазылар алқасының құрамында Қазақстанның атынан Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Дина Ниязова мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов қатысты.

Байқау қорытындысы қазақстандықтардың лайықты өнерін көрсетті, яғни балаларымыз «Фестиваль жеңімпазы» және «Folk Music» номинацияларында екі гран-при, сондай-ақ түрлі номинацияларда үш бірінші орын және лауреаттың 5 алтын медалін алды.

Байқау соңында Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов жеңімпаздарымызды құттықтап, қазақ мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.