Ригада Республика күніне арналған «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің салтанатты концерті өтті

Ригада Республика күніне арналған «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің салтанатты концерті өтті

Рига, 2024 жылғы 1 қараша – Ригада Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен ұлттық мереке – Республика күніне орай «Splendid Palace» кинотеатрының үлкен концерт залында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің «Ұлы Дала әуендері» атты салтанатты концерті өтті.

Іс-шараға Латвияның ресми тұлғалары, дипломатиялық миссиялар, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы мен өнер, қоғамдық және мәдени-білім беру топтарының, Латвия бизнесінің өкілдері, сондай-ақ Латвияда тұратын отандастар қатысты.

Мерекелік концерттің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов егемендік жарияланған күннен бастап 30 жылдан астам уақыт ішінде біз жаңа ел құра бастағанымызды және экономикалық, саяси, құқықтық және әлеуметтік өрлеуге қол жеткізгенімізді атап өтті.

«Қазақстан әлемдегі диалог пен қауіпсіздікті дамытуға және ілгерілетуге ықпал еткен бірқатар маңызды бастамаларды алға тартқан жауапты мемлекет, әлемдік қоғамдастықтың беделді және құрметті мүшесі», - деп атап өтті Дәурен Кәріпов.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Латвия арасындағы көпжоспарлы қарым-қатынастары барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып, мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл жоғары деңгейде екені атап өтілді.

Қазақстандық әртістер халық шығармашылығының да, қазіргі қазақстандық және халықаралық композиторлардың да туындыларын ұштастыра отырып, тыңдаушыларға ұлттық аспаптарда асқан шеберлікпен орындауларын көрсетіп, латвиялық көрермендердің жүрегін өз шеберлігімен және орындау тереңдігімен жаулап алған алуан түрлі және ауқымды бағдарлама ұсынды.

Латвия аудиториясы қазақ мәдениетінің алуан түрлілігі мен өзіндік ерекшелігіне, орындалған шығармалардың әуезділігі мен шынайылығына тәнті болды.

Концерт соңында көрермендер «Мұрагер» ансамблінің өнерпаздарына зор қошемет көрсетіп, алғыстарын білдірді.