Ригада Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған фотокөрме ашылды

Ригада Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған фотокөрме ашылды

Рига, 2024 жылғы 28 тамыз – Латвияның ең көне кітапханасы – Латвия университетінің Академиялық кітапханасында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылуының 33 жылдығына арналған фотокөрме ашылды.

Қазақстанның Елшісі Дәурен Кәріпов өзінің алғы сөзінде Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып жарияланғанын атап өтті. Бұл оқиға ядролық қарусыз әлемді одан әрі құру жолындағы маңызды кезең болды.

Қазақстандық дипломат қонақтарды Семей полигонының тарихымен, Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларымен және оның қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісіне қосқан үлесімен таныстырды.

Іс-шара қонақтарына полигондағы сынақтар кезінде түсірілген тарихи фотосуреттер, «Невада – Семей» халықтық ядроға қарсы қозғалысы туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар ұсынылды. Семей полигонының жабылуы туралы баяндайтын қысқа метражды деректі фильм көрсетілді.

Фотокөрменің ашылуына Сейм депутаттары, Латвияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылығы, Латвия Сыртқы істер министрлігінің, ғылыми-академиялық, мәдени және іскер топтардың, сондай-ақ қазақ диаспорасы мен БАҚ-тың өкілдері қатысты.

Ригадағы Латвия университетінің Академиялық кітапханасы ғимаратында ұйымдастырылған фотокөрме 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ашық болады.