Рига, 2024 жылғы 4 маусым – Қазақстан Елшісі Дәурен Кәріпов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аясында Латвия университетінің «Babite» ботаникалық бағының рододендрон саябағындағы қазақстандық бұрышқа барып, саябақтың басшылығымен және оның бас селекционері Гунита Риекстынямен, сондай-ақ «Dimash Dears» фан-клубының басшысы Марина Ульманемен кездесті.
Саябақтың басты аллеясында Қазақстанның бұрышын құрған «Qazaqstan», «Dimash Qudaibergen», «Miuaniz» атты рододендрондардың өсіріп шығарылған сорттары отырғызылды. Соңғы екі сорт 2020 жылы өсіріліп, Димаш пен оның әжесі Миуа Низамутдинованың есімімен аталды. «Qazaqstan» сорты 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өсіріп шығарылған және Латвия сертификатына, сондай-ақ Британдық корольдік бағбандар қоғамының сертификатына ие.
Қазақстандық дипломат «Dimash Dears» фан-клубына және саябақ басшылығына Қазақстанды және оның мәдениетін Еуропалық Одақта танымал етудегі зор жұмысы үшін алғысын білдіріп, биылғы жылы Елшілік қазақ, латыш және ағылшын тілдерінде шығарған Қазақстан туралы туристік нұсқаулықты саябақтың бас селекционері Г.Риекстыняға табыс етті.