
Вентспилс, 2024 жылғы 30 мамыр – Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Латвияның теңіз «қақпаларының» бірі болып табылатын Вентспилс қаласына барды.
Вентспилс қалалық думасының төрағасы Янис Витолиньшпен кездесу барысында тараптар екі ел арасында ынтымақтастық орнату, бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде қазақстандық жүктерді Вентспилс порты арқылы әлемдік нарыққа тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша пікірлерімен алмасты. Бұл бағдарды қазақстандық кәсіпкерлер қазірдің өзінде белсенді пайдаланып отырғаны айтылды.
Бұдан бөлек қазақстандық дипломат Қазақстандағы негізгі саяси және экономикалық оқиғалар туралы мәлімет берді. Елдің транзиттік-көліктік және инвестициялық ахуалына ерекше назар аударды және латвиялық компанияларды Орта дәлізде, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға шақырды.
Өз кезегінде Я.Витолиньш өңірдің Қазақстанмен ынтымақтасуға қызығушылығы бар екендігін жеткізіп, қазақстандық бизнестің өңірде жұмыс жасауына қол ұшын созуға дайын екенін атап өтті.
Сапар аясында Елші Вентспилс портына, «Ventspils Grain Terminal» астық терминалына және коммуналдық техниканың ірі әлемдік өндірушісі «Bucher Municipal Ventspils» компаниясына барды.