
Рига, 2024 жылғы 15 мамыр – Латвия астанасында Қазақстан мен Латвия көлік ведомстволарының басшылары Марат Қарабаев пен Каспарс Бришкенстің кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Латвиядағы көлік жүйелерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы пікір алмасты.
Теміржол, авиация, теңіз және автокөлік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында тараптар Халықаралық көлік маршруттарын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Аталған құжат Қазақстан мен Латвия арасындағы контейнерлік, аралас интермодальды және мультимодальды жүктерді тасымалдауды дамытуға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша және көліктік-логистикалық қызметтердің тиімділігін арттыруға ықпал етуге арналған.
Сонымен қатар қазақстандық делегацияның жұмыс сапары аясында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия бизнес-форумы ұйымдастырылды, оған екі елдің 70-тен астам бизнес өкілдері қатысты.