Ригада Қазақстан-Латвия консулдық консультациялары өтті

Ригада Қазақстан-Латвия консулдық консультациялары өтті

Рига, 2024 жылғы 26 ақпан – Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев пен Латвия СІМ Консулдық және дипломатиялық қамтамасыз ету дирекциясының Бас директоры Юрийс Погребнякстің басшылығымен Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасының сыртқы саяси ведомстволары арасында консулдық консультациялар өтті. Іс-шараға Қазақстанның ІІМ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ Латвияның ІІМ, Мемлекеттік шекара күзеті, Әл-ауқат министрлігінің өкілдері қатысты.

Консультациялар барысында тараптар Еуропалық Одақтың Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселелерін, соның ішінде Қазақстанның осы бағыттағы келесі қажетті қадамдарын егжей-тегжейлі талқылады. Екі ел азаматтарының, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыратындардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселесіне де назар аударылды.

Консультациялар соңында тараптар екі елдің құзыретті мекемелері арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілігін растады.