Латвияның V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуы талқыланды

Латвияның V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуы талқыланды

Рига, 2024 жылғы 2 ақпан - Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Қазақстан Елшісі Дәурен Кәріповтің Латвияның Тоғызқұмалақ Федерациясы мен «Логика» интеллектуалдық үстел үсті ойындары клубының басшысы Любовь Азимовамен кездесуі өтті.

Сұхбат барысында тараптар Латвия тарапынан 2024 жылғы 8-14 қыркүйекте Астана қаласында өтетін V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуын, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық интеллектуалдық «Тоғызқұмалақ» ойынын Латвияда жан-жақты дамыту бойынша екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Л.Азимова Латвияда «Тоғызқұмалақ» ойынына деген қызығушылық жастар арасында тұрақты түрде артып жатқанын және Қазақстанның елордасында өтетін V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін қазіргі таңда тоғызқұмалақ, оваре, мангала ойындар түрлері бойынша спортшыларды даярлау жүріп жатқанын хабарлап, командаларға іріктеу 2024 жылғы сәуірде өтетінін атап өтті.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Дәурен Кәріпов Любовь Азимоваға Латвияда қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын насихаттау мен дамытуға қосып жатқан елеулі үлесі үшін алғысын білдіріп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.