Қазақстан мен Латвияның автотасымалдаушылар қауымдастықтары өзара ынтымақтастыққа қызығушылығын растады

Қазақстан мен Латвияның автотасымалдаушылар қауымдастықтары өзара ынтымақтастыққа қызығушылығын растады

Рига, 29 қаңтар 2024 жыл – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің қолдауымен «Қазақстанның автомобиль тасымалдаушылары мен экспедиторлары одағы» Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі төрағасы Әсел Садықова мен «Latvijas auto» Қауымдастығының Басқарма төрағасы Александр Поцелуйконың, Қазақстан-Балтық экономикалық даму қауымдастығының Басқарма төрағасы Александр Видякиннің және бірқатар логистік компаниялар басшыларының онлайн кездесуі өтті.

Кездесуді ашу барысында Қазақстан Елшісі  Дәурен Кәріпов авто тасымалдаушылардың өнімді әрекеттесуіне арналған алаң құруға бағытталған күш-жігерлерін қолдайтынын атап өтті. Осы орайда, халықаралық автокөлік тасымалдарына байланысты практикалық шешімдер іздеу мақсатындағы алғашқы кездесуді осындай форматта өтуінің маңыздылығына тоқталды.

Орын алған әңгіме барысында тараптар транзиттік -көліктік саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен болашағы туралы пікірлермен алмасты. Бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде жүргізушілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасын құруға өзара мүдделі екендерін растады. Жедел ақпаратпен, авто тасымалдаушылардың құқықтарын қорғау тәжірибесімен бөлісу қажеттілігіне ерекше назар аударды.