
Рига, 2023 жылғы 29 қарашада – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Латвияның жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің қатысуымен Алаш Орда қайраткерлеріне арналған әдеби кеш өтті.
Сонымен қатар, Елшілікке Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Көлік-энергетика факультеті деканының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары және ғалымдарға арналған «Болашақ» Президенттік халықаралық степендиясы аясында Латвия Көлік және байланыс институтында (Transport and telecommunication institute, TSI) тағылымдамадан өтушісі Зура Сансызбаева шақырылды.
Елшіліктің дипломаттары Алаш Орда партиясының пайда болуы мен Алаш арыстарының ізгілік жолындағы қызметі мен олардың шығармашылық мұрасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Іс-шара қатысушыларына Алаш партиясының төрағасы Әлихан Бөкейхановтың ұлт болашағының, қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы деректі фильм көрсетілді.
Іс-шараға белсенді атсалысып, өз ой-пікрілерімен бөліскендері үшін қатысушыларға Елшінің атынан алғыс хат табыс етілді. Қонақтар Алаш Орда қайраткерлері сияқты тарихымызда өшпес ерліктерімен есімдері танымал еліміздің алып тұлғаларына қатысты ұйымдастырылған іс-шараға ризашылықтарын білдірді.