
Аса мәртебелі дін өкілдері!
Қадірлі меймандар!
Баршаңызды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XXІ отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл – алғашқы Съездің шақырылғанына 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршендігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді.
Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын аландатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады.
Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейрімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады.
Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтықматастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайм қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанады.
Баршаңызға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жұмысына белсене қатысқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Ізгілік жолындағы істеріңізге толайым табыс тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Астана қаласы, 2023 жылғы 11 қазан