Мажарстанның Латвиядағы Елшісімен кездесу

Мажарстанның Латвиядағы Елшісімен кездесу

2023 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан Елшілігінде Мажарстанның Латвиядағы жаңа Елшісі Дьердь Уркутимен кездесу өтті.

Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетов мажар әріптесін Латвиядағы ресми қызметінің басталуымен құттықтап, жұмыста табыс тіледі.

Достық сұхбат барысында дипломаттар Қазақстан-Латвия және Мажарстан-Латвия ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты. Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған Қазақстанның даму жолындағы жаңа экономикалық моделі туралы сұхбаттасушыны хабардар етті. Т.Пірімбетов отандық және шетелдік инвесторларды салықтық ынталандыру шараларына ерекше назар аударды. Дьердь Уркути өз кезегінде Қазақстан басшылығының елді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағытындағы кешенді қадамдарын жоғары бағалады.

Кездесу соңында дипломаттар елшіліктер желісі бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыруға келісті.