
28 тамызда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетов Латвия Байланыс министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары, Қазақстан-Латвия көлік жөніндегі жұмыс тобының басшысы Улдис Рейманиспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін жан-жақты талқылады. Сұхбаттасушылар уақтылы және келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін көлік бойынша жұмыс топтарының желісі бойынша жүйелі және үйлесімді жұмысты жоғары бағалады.
Кездесуде ағымдағы жылғы қазан айының соңында Ригада жоспарланып отырған Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия Үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына сапалы дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар алдағы іс-шараны мазмұнды толтыру үшін байланыстарды жандандыруға келісті.
Анықтама: Үкіметаралық комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы 2004 жылғы 8 қазандағы келісім негізінде әрекет етеді. Комиссияның тең төрағалары: Қазақстан тарапынан – Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, Латвия тарапынан – Байланыс министрлігінің Парламенттік хатшысы К.Герхардс.