
2023 жылғы 24 тамызда Латвия Республикасының Ғылым Академиясында Қазақстан Елшісі Тимур Примбетовтың Ғылым академиясының президенті, профессор, ғылым докторы Иварс Калвиншпен кездесуі өтті. Кездесуде сондай-ақ Ғылым академиясының Бас хатшысы Байба Ривжа, Халықаралық департамент басшысы Модрис Грейтанс және Экономика институтының директоры Нина Линде қатысты.
Кездесу барысында тараптар екі елдің ұлттық ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, атап айтқанда делегациялармен өзара алмасу, ғылыми және білім беру салаларындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту, іргелі және қолданбалы ғылымдар саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру, жас ғалымдардың тағылымдамадан өту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы делегациясының а.ж. 21-22 қыркүйекте Латвия ғылым академиясының қолдауымен Ригада өтетін «Ашық инновациялар: жеке тұлғаның шығармашылығынан инновациялық экономикаға» атты VI Халықаралық экономикалық форумына қатысуына ерекше назар аударылды.
Сұхбат соңында тараптар екі елдің ғылыми топтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға жоғары мүдделілігін растады.