
2023 жылғы 12-13 маусымда Латвияда Орталық Азияның бес Республикасының көлік саласы мен іскер топтары өкілдерінің бизнес-миссиясы болды.
Бизнес-миссияны Орталық Азиядағы сауда бойынша USAID бағдарламасы, «ТРАСЕКА» Үкіметаралық комиссиясы, Латвия Көлік министрлігі, Латвия Сауда-өнеркәсіп палатасы, стивидорлық компаниялар мен логистика қауымдастықтарымен, сондай-ақ автомобиль тасымалдаушыларымен ынтымақтастықта «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағы ұйымдастырды.
«Транскаспий сауда бағыты: Орталық Азия мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері» атты бизнес-форумы барысында Орталық Азия елдерінің көлік саласының өкілдері латвиялық әріптестерімен транзиттік-көлік, логистика және сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту перспективаларын талқылады. Іс-шара қатысушыларына Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша халықаралық мультимодальды жүк тасымалдау мүмкіндіктері таныстырылды.
Латвия тарапы өз кезегінде Латвияның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен және Балтық өңіріндегі «Rail Baltica» ірі теміржол жобасының іске асырылуымен таныстырды.
Қазақстандық делегацияны форумда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов бастап, «Орталық Азия мен Балтық елдері арасындағы көліктік өзара іс-қимыл: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасады.
«KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағы бизнес-форумының қорытындысы бойынша Латвия сауда-өнеркәсіп палатасы, стивидорлық компаниялар мен автомобиль тасымалдаушылар қауымдастығы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша халықаралық автомобиль жүк және мультимодальды тасымалдарды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен қазақстандық қатысушыларға экономиканың түрлі секторларында елімізбен ынтымақтастыққа мүдделі латвиялық әріптестермен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.
Іскерлік миссияға қатысушылар 13 маусымда Рига және Лиепая порттарына барды.