Қазақстан мен Латвияның назарында транзиттік-көліктік ынтымақтастық және логистика саласындағы өзара іс-қимыл

Қазақстан мен Латвияның назарында транзиттік-көліктік ынтымақтастық және логистика саласындағы өзара іс-қимыл

2023 жылғы 12-13 маусымда Латвияға Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министр Алмаз Идырысов бастаған делегациясының жұмыс сапары өтті.

Делегация көлік жөніндегі Қазақстан-Латвия Жұмыс тобының бесінші отырысына қатысты. Латвия тарапын Көлік министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманис басқарды.

Отырыс барысында тараптар Қазақстан мен Латвия арасындағы транзиттік-көліктік және логистикалық байланыстарды кеңейтуге және нығайтуға, оның ішінде қажеттілігі екі ел арасындағы және тұтастай алғанда Еуропалық Одақпен тауар айналымының ұлғаюына барабар өсетін баламалы көлік дәліздерін пайдалана отырып, өзара мүдделілікті растады. Екі елдің автомобиль тасымалдаушыларының өзекті қажеттіліктерін назарға ала отырып, екі тараптың халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға қосымша рұқсаттар беруі туралы қағидатты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша тиісті Хаттама қабылданды, оған екі елдің көлік ведомстволарының нақты ұсыныстары енгізілді.

2023 жылғы 13 маусымда Латвия Көлік министрлігінің шақыруымен қазақстандық делегация Латвияның ірі порттары-Вентспилс пен Лиепаяға барды.

Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық делегация 12 маусымда Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерінің көлік саласы мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Орталық Азиядағы сауда бойынша USAID бағдарламасы, «ТРАСЕКА» ҮАК және «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағының қолдауымен өткен өңірлік бизнес-форумға қатысты.