Латвия Көлік министрінің Қазақстанға сапары

Латвия Көлік министрінің Қазақстанға сапары

2023 жылғы 18-19 мамыр - Алматы қаласында Көлік министрі Янис Виттенбергс бастаған Латвия Республикасының ресми делегациясы қатысатын «ЕО – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы өтуде.

Форумға Орталық Азия елдерінің премьер-министрлері, Еуропа елдерінің мемлекеттік органдары мен халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде ЕҚДБ мен ЕИБ басшылары, сондай-ақ іскер топтардың өкілдері қатысуда.

Еуропалық Одақ делегациясын Еурокомиссияның Атқарушы вице-президенті В.Домбровскис басқарады.

Форумның мақсаты-Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылын үш негізгі және басым бағыт бойынша нығайтуға жәрдемдесу: жасыл және цифрлық экономика, іскерлік ортаны жақсарту, сондай-ақ сауда және көлік байланыстарын жандандыру.

Соңғы он жылда Еуропалық Одақ Орталық Азияға 120 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция салды, оның 70%-ы Қазақстанға тиесілі. Орталық Азия 80 миллионға жуық халқы бар өсіп келе жатқан нарық. Аймақ Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдарды қамтамасыз етуде, сондай-ақ жаһандық энергетикалық және «жасыл» дамуды қолдауда маңызды рөл атқарады.

Форумға қатысушылар екі өңірдің экономикалық қатынастарын нығайтудың өзекті мәселелерін талқылайды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер арасындағы сауда байланыстарын дамыту, мультимодальды жүк тасымалдарын жүзеге асыру, сауда маршруттарының инфрақұрылымын жаңғырту, коммерциялық операцияларды жүргізу саласында цифрлық шешімдерді енгізу, мемлекеттік реттеу және т. б.

Форум аясында Латвия министрі Қазақстан Республикасының бірқатар министрліктері мен ведомстволарының басшыларымен, қазақстандық іскер топтардың өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда және экономикалық байланыстардың жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, инвестицияларды тарту, туризм және білім беру саласындағы ынтымақтастық, Қазақстанда ЕО іске асыратын жобалар шеңберіндегі транзиттік-көліктік ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Я.Виттенбергс «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының шақыруымен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Алматы  қаласындағы филиалына барып, кәсіпорынның қызметімен танысып, жылжымалы құрам паркін аралады.